Сайлау туралы заңға енгізілетін өзгерістерге қарсылық. «Тоқаев екіжүзділік жасап отыр ма?»

«Сайлау туралы» заңға енгізілетін өзгертулерге наразы азаматтар Алматыда баспасөз мәслихатын өткізді


28/07/2022
12:56 30836 0

Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстан халықаралық бюросында өткен жиынға қоғам қайраткерлері Рысбек Сәрсенбайұлы, Балташ Тұрсынбаев, журналист Ермұрат Бапи, тәуелсіз бақылаушы Арайлым Назарова және саяси белсенді Әлнұр Ильяшев қатысты. 

 

Балташ Тұрсымбаевтың сөзінше, Назарбаев отыз жыл бойы дауыс ұрлаған. Ал Тоқаев президент болған үш жылда демократияға ешқандай бетбұрыс болмаған. 

 

- Назарбаев отыз жыл бойы халықтың дауысын ұрлады. Бірде-бір рет әділ сайлау болған жоқ. Мен қате айтсам, түзетсін. Тоқаевтың президент болып тағайындалғанына үш жыл болды. Осы уақыт аралығында демократияға ешқандай бетбұрыс болған жоқ. Сайлау туралы заңға енгізетін өзгерістерге қарап отырсақ, ол бұрынғыдан да сорақы, бұрынғыдан да жаман. Бақылаушыларды сайлауға кіре алмайтындай еткен. Ол жерде халықты екіге бөлген. Өздерінің дауысты ұрлағанда көз жұматын бақылаушылары жақсы, екіншісі ұлтжанды, кіргізуге болмайды дейді. Қазір парламентте Назарбаевтың тізімімен өткен «Аманат» партиясы отыр. Олар бұл заңды өткізеді. Осы заңды қабылдайды. Бірақ Қаңтар оқиғасынан кейін билік ойлануы тиіс. Ойланбаса, Қаңтар қайталанады, - дейді Тұрсымбаев. 

 

Арайлым Назарова тәуелсіз бақылаушыларды акредитациядан өткізу – әділ сайлаудың жолын жабу деп есептейді.

 

- Заңда сайлауды дайындау мен өткізу кезінде шетелдіктерге араласуға болмайды дейді. Сонда біз шетелдік бақылаушыларды қайда жатқызамыз. «Оларды кіргізбейміз бе?» деген заңды сұрақ туады. 12 бапта Орталық сайлау комиссиясының құзыретін кеңейтеді. Оларға қосымша үш құзыреттілік қосады. Орталық сайлау комиссиясы тәуелсіз бақылаушыларды акредитациядан өткізу тәртібін дайындайды. Одан өздері өткізеді және сайлау, референдумды әзірлеу кезіндегі сатып алу қағидаларын дайындайды. Оны 33 бапта мемлекеттік сатып алуға қатысы жоқ деп шығарып тастайды. Яғни біз сайлауға кеткен қаржының қайда кеткенін мемлекеттік сатып алу порталынан көре алмаймыз. Бізде мемлекеттік сатып алу заңы бар. Негізінде сонымен реттелуі керек... Жалпы, тәуелсіз бақылаушыларды акредитациядан өткізу деген сөз – әділ сайлаудың жолын жабу... Сайлау туралы заңға енгізілгелі отырған өзгерістер демократияға деген жолды жабу. Билік өздері ғана отырып сайлау өткізгісі келеді. Бұл сайлау туралы заң бұрынғы сайлаудан да нашар. Бұрынғы заңға зар болып қалайын деп тұрмыз, - дейді Назарова. 

 

Рысбек Сәрсенбайұлының сөзінше, бұл заң жобасы кері кетушілік. Ол бұл заң «мүйіз сұраймын деп жүріп, құлақтан айырылып қалу» дейді.

 

- Бұл заң кері кетушілік. Бұл былайша айтқанда, «мүйіз сұраймын деп, құлақтан айырылып қалудың» дәл өзі. Әділет министрлігі ұсынып отырған мына заңда комиссия мүшелері сайлау процесіне кедергі келтірген жағдайда бақылаушыны сыртқа шығарып жіберуге құқылы дейді. Ал ол комиссия мүшелері кімдер? Олар сол билік партиясының өкілдері. Олардың кез келгені бақылаушы түшкіріп қойса немесе қасындағы адаммен сөйлесіп қойса, оны шығарып жібере алады. Қажет болса, комиссия мүшелері мен бақылаушылардың құқығы бірдей болуы керек. Өйткені екеуінің де мүддесі бір. Әділет министрлігі ұсынылып отырған бұл заң талқылаудан алынып тасталуы керек. Оны тіпті парламентке ұсынудың қажеті жоқ. Оның орнына сайлау туралы заң қайта қаралып, адам құқықтары шектелетін тұстары алынып тасталуы қажет... Қазіргі заңды неге осылай жасап отыр,  демократияға, саяси өзгеріске бет бұрамыз деген Тоқаевтың бұл әрекеті қалай? деген заңды сұрақ туады. Бұл жерде Әділет министрлігі Тоқаевқа собатаж жасап отыр немесе Тоқаев екіжүзділік жасап отыр. Ол қажет болса өзін ақтасын. «Мен мына заңды қолдамаймын» десін. Егер олай айтпаса, онда ол алдағы сайлауға осылай дайындық жасап отыр, - дейді Сәрсенбайұлы.

 

Ермұрат Бапидің пікірінше, заңды қоғамдық талқылаудан өткізудің уақытын созу қажет. Ол қазір білікті мамандардың көбісі демалыста жүр. 

 

- Бүгін қоғамдық талқылау бітті. Сондықтан бірінші кезекте біз қоғамдық талқылау уақытын күзгі уақытқа дейін созуды талап етуіміз керек. Себебі қазір білікті мамандардың көбісі жазғы демалыста жүр. Күзде басталатын парламенттің сессиясында бұл заң жобасы талқыланады. Егер бұл заң ешқандай өзгеріссіз парламентке баратын болса, онда біз Қазақстанда толқу туғызуымыз қажет. Қарсылық акцияларын бастап, митинг өткізуіміз керек. Бұл заң қазіргі биліктің өзін-өзі сақтап қалуға арналған жалғыз ғана тетік. Егер біз бұл заңды осы күйінде өткізіп жіберсек, біздің партия құру, сайлауға қатысу барлығы бекер шаруа болады, - дейді Бапи. 

 

Поделиться

Нет комментариев.

28/07/2022 12:56
30836 0

Уведомление